Өскемен аспанын тағы да түнерген бұлт торлады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Өскемен аспанын тағы да түнерген бұлт торлап, нөсер жауын жауып, найзағай жарқылдап, күн күркіреді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Өскемен аспанын тағы да түнерген бұлт торлады

Бұған дейін Қазгидромет болжамы бойынша  19 шілде күні Шығыс Қазақстан облысында желдің ұйытқуы секундына 25 метрге дейін артатындығы ескертілген хабарлама таратылған болатын. Бұдан өзге, метеорологтар найзағай жарқылдап, бұршақ жаууы мүмкін екендігін де ескерткен. Синоптиктер болжамы дәл келді. Қазір коммуналдық қызметтер дауыл кезінде тамырымен опырылып түскен талдар мен металл құрылымдарынан қаланы тазарту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Энергетиктер электр беру желілерінің үзілген тұстарын жоюда. Арнайы құрылған облыстық комиссия күтпеген апат салдарынан келтірілген материалдық шығындар есебін шығаруға кірісті.

Айта кетейік, «112» және «101» желілеріне Өскемен қаласы мен қала маңындағы аудандардан опырылған ағаштар, қираған автокөліктер, құлаған құрылыс заттары, электр желілерінің үзілгендігі жайлы жүзден астам қоңырау шалынды. Жеті адам зардап шегіп, олардың бірі - 82 жастағы зейнеткер бүгін түнде қалалық ауруханада көз жұмды.