Өскемен әуежайы әзірге сатылмайтын болды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Кейінгі күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланған Өскемен әуежайын жекешелендіруге қатысты түсініктеме берілді. 

Өскемен әуежайы әзірге сатылмайтын болды
Фото: airport-uk.kz

Өңір билігі әуежайдың расымен де Үкіметтің № 908 қаулысымен жекешелендіруге жататын активтер тізіміне енгізілгенін растады. Алайда стратегиялық себептерге байланысты бұл процесс әзірге тоқтатылған.

«Ертіс ӘКК» АҚ мәліметінше, дайындық жұмыстары бұрын басталып кеткен.

– 2025 жылдың қаңтарында нысанның нарықтық құнын тәуелсіз бағалау жүргізілді. Әуежай 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына ресми түрде енгізілген, - деп хабарлады компаниядан.

Алайда Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланып, жалпыұлттық жоспар бекітілгеннен кейін бұл мәселе қайта қаралды. Жақын арада облыста екі жаңа әуежай, атап айтқанда Катонқарағай және Зайсан аудандарында іске қосылуы тиіс.

– Бұл әуежайлар туризмді дамыту және өңір экономикасын ілгерілету үшін стратегиялық маңызға ие. Дәл осы екі жаңа нысанның ашылуы жекешелендіру мерзімін қайта қарауға себеп болды, - делінген ақпаратта.

«Ертіс ӘКК» АҚ өкілдері қазір өңірдегі әуе инфрақұрылымын түгелдей бірыңғай басқару орталығында ұстау қажеттігін түсіндірді.

– Жаңа әуежайлардың толыққанды жұмыс істеуі үшін жолаушылар мен әуе компанияларына қызмет көрсетудің бірізді стандарттары, қауіпсіздік жүйесі, ұшу-қону жолақтарының техникалық күтімі, навигация және арнайы техника бойынша ортақ талаптар болуы шарт. Бұл функцияларды қолданыстағы оператор – «Өскемен әуежайы» АҚ-ға жүктеу ең тиімді шешім, - деп хабарлады компаниядан.

Сондықтан ШҚО әкімі жекешелендіруді 2027-2028 жылдарға шегеру жөнінде Көлік министріне ресми хат жолдаған. Бұл ұсынысты министрлік те, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де қолдаған.

Еске салсақ, осыған дейін Балқаш әуежайын реконструкциялауға қайтарылған активтер есебінен 945 млн теңге бөлінгені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар