Өскемен басқа уақыт белдеуіне өте ме – әкім жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жаңа уақыт белдеуінің облыс тұрғындарының тұрмысына қалай әсер еткені туралы пікір білдірді.

сағат
Коллаж: Kazinform

«Өскемен халқы уақыт белдеуінің ауысқаны қолайсыздықтар туғызғанын айтып көп шағымданды. Әкімдік осы шағымға қалай құлақ асып жатыр? Тиісті мемлекеттік органдарға осы мәселе туралы қандай да бір ұсыныс бердіңіздер ме?», - деп сұрады журналист Парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында. 

Әкім бұл мәселе бойынша Сауда және интеграция министрлігінен жауап күтіп отырғанын айтты.

«Жасыратын ештеңе жоқ, халықтың кейбірі айтып жатыр. Әсіресе қалада, қаланың маңайында тұратындар уақыт белдеуіне байланысты өз пікірлерін білдіріп жатыр. Жақын арада министр А.Шаққалиев біз жаққа келіп кетті. Пікірлермен таныстырдық. Ол «ойланамыз, өз шешімімізді сіздерге жеткіземіз» деп кетті. Сол не айтатынын күтіп отырмыз», - деді аймақ әкімі.

Ермек Көшербаевтың пайымдауынша, қазіргі уақыт белдеуі таңертең балаларын мектепке апаратын өскемендіктерге қолайлы көрінеді.

«Нақты қандай шешім қабылданатынын айта алмаймын. Қазіргі уақыт белдеуі қолайсыз деп отырған бүкіл халық емес. Әсіресе қаладағылар. Тіптен қасымдағы қызметкерлерден ондай әңгімені естіп едім. Бір жақсы жер бар. Қыста таңертең мектепке барғанда қараңғыда емес, жарықта баратын болды. Ал екі, үш ауысыммен оқитын мектептер бұған дейін де үйлеріне қараңғыда қайтып жүрген. Сондықтан жаңа уақыт белдеуінің кесірінен қараңғыға қалады деп ойламаймын», - деді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар