Өскемен қаласы әкімінің орынбасары болып Нұрсұлтан Маратов тағайындалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласы әкімінің экономика мәселелері бойынша орынбасары болып Нұрсұлтан Маратов тағайындалды.

Нұрсұлтан Шаттықұлы 1993 жылы 10 шілдеде Ақтөбе облысы Темір қаласында дүниеге келген. 4 дипломы бар, атап айтқанда ұлыбританиялық Манчестер университетін, Нидерландыдағы Лейден университетін, ҚР Қаржы министрлігі Қаржы академиясын және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2018 жылы Инвестициялар комитетінің Астана қаласы бойынша арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар департаментінде сарапшы міндетін атқарушы болып бастады. Мәскеудегі ҚР елшілігінде Сыртқы істер министрлігінің инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша атташесі лауазымында қызмет атқарды. Мемлекеттік қызметтегі жалпы еңбек өтілі – 8 жыл 2 ай. Жаңа орынбасарды ұжымғ қала әкімі Жақсылық Омар таныстырды.
«Нұрсұлтан Шаттықұлы жаңа лауазымда бюджетті қалыптастыру және бөлу, экономикалық өсімге жету мәселелеріне жетекшілік етеді. Осы жауапты лауазымда ерекше құлшыныспен еңбек ететініне сенім арта отырып, табысқа жетуіне тілектеспін», - деді ол.