08:48, 23 Қараша 2011 | GMT +5
Өскемен қаласында қар тазалайтын техниканың жұмысы екі ауысымда ұйымдастырылмақ
КЕМЕН. 23 қараша. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев кезекті аппарат жиналысында қысқы кезеңде жол тазалаумен айналысатын мердігерлік ұйымдардың жұмысына сын айтты. Айтылған сын бойынша жағдай біршама өзгерді, бірақ кейбір мердігерлер ұйымдары бұл ескертуден әлі тиісті қорытынды шығарған жоқ.

Бұл әсіресе жеке сектордағы жолдарды тазалауға қатысты болып отыр. Қала әкімі бұл жұмысқа қысқы маусымда жұмысын уақытша тоқтатқан құрылыс ұйымдарын тарту қажеттігін алға тартты. Сонда жұмысты екі ауысымда ұйымдастыруға мүмкіндік туады.
Ауа райы қазірдің өзінде құбылып, тосын мінез көрсетіп тұр. Сондықтан да қар тазалау жұмыстарын тәулік бойы ұйымдастыру қажеттігі туындап тұр.
«Өскемен-Тәртіп» кәсіпорнының директоры міндетін уақытша атқарушы Бекназар Есқараев құрылыс компаниялары мамандарының есебінен екінші ауысымда жұмыс жасайтын қызметкерлерді 60 пайыз қалыптастырғанын атап өтті.
Еске сала кетейік, Өскеменде қала жолдарының ұзындығы 700 шақырымнан асады, оның 400-і қалалық бюджет есебінен бөлінген қаражат есебінен тазаланады.