Өскемен көшелерін түтін басуы: Титан магний комбинатында штаттан тыс жағдай болған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемендегі Титан магний комбинаты орналасқан шағын ауданды түтін басуына байланысты жедел штаб отырысы өтті.

Өскемен түтін
Фото: ШҚО әкімдігі

Қазір кәсіпорын аумағында Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің және ШҚО Экология департаментінің өкілдері облыстық прокуратураның қолдауымен тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексеріс барысы мен нәтижесі облыс басшылығының және «Өскемен тынысы» экологиялық қорғаныс бюросының жеке бақылауында.

 Өскемен көшелерін түтін басуы: Титан магний комбинатында штаттан тыс жағдай болған
Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «УК ТМК» АҚ басшылығымен кездесіп, жедел штаб отырысын өткізді. Анықталғандай, ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың рұқсат етілген шектен асуы тіркелмегенімен, кәсіпорында шынымен де штаттан тыс жағдай болған.

– 19 мамыр күні комбинатта №3 хлорлау қондырғысының конденсация жүйесін жоспардан тыс профилактикалық тазалау жұмыстары жүргізілген болатын. Жұмыс барысында гарнисаж құлап, салдарынан газоөткізгіш бітеліп қалған. Біздің сынақ зертханасының мамандары санитарлық-қорғау аймағының шекарасында ауадағы хлор мөлшерін әр екі сағат сайын тексеріп отырды. Рұқсат етілген шектен асу тіркелген жоқ, – дейді «УК ТМК» АҚ өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қорғау және қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Ринат Әміров.

 Өскемен көшелерін түтін басуы: Титан магний комбинатында штаттан тыс жағдай болған
Фото: ШҚО әкімдігі

ШҚО әкімі бұл оқиға осындай жағдайлар туындағанда қалай әрекет етудің кезең-кезеңімен жүзеге асатын алгоритмін әзірлеу қажеттігін көрсеткенін айтты. Сонымен қатар барлық өндірістік кәсіпорындарда тиісті оқу-жаттығулар өткізілуі керек.

– Төтенше жағдайлар кезінде ашықтықты қамтамасыз етіп, халық арасында дүрбелең тудырмай, нақты әрі уақытылы ақпарат беру өте маңызды. Жалған ақпараттың таралуына жол берілмеуі тиіс, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде желіде тараған видеодан соң экологтар тексеру жүргізгені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар