Өскемен мектептеріне қосымша 350 теплофон орнатылды

«Теплофондар мектептер мен балабақшаларға орнатылуда. Салқын сыныптар мен кабинеттердің проблемаларын осылай болса да шешуге тырысып отырмыз. Жедел мәліметтер бойынша, кабинеттердегі температура бірнеше градусқа көтерілген», деп хабарлады қалалық білім бөлімінің басшысы Александр Кузнецов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі күні білім ошақтарының проблемаларына арналған көшпелі кеңестен кейін, қала әкімі Ислам Әбішев теплофондар орнату туралы шешім қабылдаған болатын. Сол кеңесте мектеп директорларына ғимараттарды жылыту бойынша қосымша шаралар қабылдау жайлы тапсырма берілді. Шенеуніктер бүгін қала әкімі тапсырмасының орындалу барысын тексеріп шығады.
Дегенмен, Өскемен жылу-электр стансының тұрақты режімде жұмыс істеп жатқанын айта кету керек, стансы айдап отырған ыстық судың температурасы шығаберісте 100 градусты шамаласа, кері қайтқан судың қызуы 60-61 градусты шамалайды. Бірақ, бірқатар нысандардағы температураның салқын болуының бірнеше субъективті және объективті себептері бар. Инженерлердің айтуынша, субъективті себептердің қатарында - желімен тасымалдану барысында жылудың жоғалуы, үйлердің ішіндегі коммуникациялардың әбден ескіруі, ғимараттарда «жылыту» жұмыстарының шала-шарпы жүргізілуі сияқты факторлар болса, объективті себептердің қатарында - сырттағы аяздың ұзаққа созылуына байланысты «үй қабырғаларының жылуды сақтай алмау» факторы бар. Аймақта осымен үшінші жыл қатарынан қатты аяздар тіркелуде.