Өскемен мен Семей арасындағы жолда көлік қозғалысына тыйым салынды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен-Семей тасжолындағы учаскелердің бірі жабылды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа райы қолайсыздығына, нақты айтқанда боран, көктайғақ пен жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты жолдардың бірі жабылды.
— Сағат 19.00-ден бастап республикалық маңызы бар Өскемен-Семей тасжолының 10-103 шақырымында (Ұлан ауданы Герасимовка ауылы мен Абай облысы шекарасына дейінгі аумақ) көліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабылады. Осы ретте, өңір жұртшылығына жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға кеңес береміз, — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бұған дейін дәл осы жолда тек тіркемесі бар жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынған болатын.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысының полицейлері 100-ден астам көліктен тұратын автотізбекке жол көрсеткені хабарланған.