Өскемен-Өлгей әуе қатынасы ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Моңғолия Өскемен-Өлгей бағытында әуе рейсін ашуға келісті. Бұл туралы Ақордада Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Өскемен-Өлгей әуе қатынасы ашылады
Фото: Мақсат Шағырбай/Kazinform

— Сонымен бірге әуе қатынасын жандандыру маңызды. Қазір Алматы-Ұланбатыр бағытында тұрақты рейстер бар. Көп ұзамай Астана-Ұланбатыр әуе қатынасы қайта ашылады. Бұдан бөлек, біз осы сапар аясындағы келіссөздер нәтижесінде Өскемен-Өлгей бағыты бойынша әуе қатынасын орнату жөнінде нақты келісімге келдік. Бұл маңызды шешімнің арқасында ынтымақтастығымыз одан ары нығайып, аймақаралық байланыстарымыз тың серпінмен дами түсері сөзсіз, — деді Президент.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия елінің басшысы Хурэлсүх мырзаға және моңғол тарапынан осы мәселені шешуге атсалысқан барша азаматқа алғыс айтты.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия Президентін қарсы алғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар