«Өскемен - Павлодар» бағытында жолда қалған оқушылар колледжге орналастырылды

«Қатты жауған жаңбыр және көктайғақтың салдарынан Алматы - Екатеринбург тас жолында Спасск кентінің аумағында жолдың биік жерінде кептеліс туындады. Көбінесе жүк көліктері кептелісте қалып қалған. Оқиға орнында әріптестеріміз - Қазавтожол, полиция және ТЖБ құтқару жасақтарының өкілдері жұмыс жасауда», - деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Оның айтуынша, сонымен қатар, Павлодар облысында кептелісте бірнеше автобус қалған.
«Дәл қазір ол автобустардың бәрі жолға шықты. Тек Өскемен - Павлодар жолында хоккей клубының оқушылары келе жатқан автобус жолда қалған еді. Оқушылар қазіргі таңда колледжге орналастырылды. Жақын уақытта олар да жолға шығады. Халыққа айтарымыз: әсіресе ауа райы бұзылған күні жолға шығуды кейінге қалдырған дұрыс. Жүргізушілердің қауіпсіз қашықтық пен жылдамдықты ұстанғаны абзал. Сондай-ақ, далада және жолда абай болған жөн», - дейді ол.
Руслан Иманқұловтың айтуына қарағанда, қазіргі таңда халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда Төтенше жағдайлар комитетінің 40 күре жолдық медициналық пунктері жабдықталған. Бұл пунктерде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетілетін болады.