Өскемен полицейлері жоғалған 12 жастағы жеткіншекті тапты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының полиция қызметкерлері жоғалып кеткен жеткіншекті тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскемен полицейлері жоғалған 12 жастағы жеткіншекті тапты

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «102» жедел арнасына ер адам қоңырау шалған. Өз сөзінде ол кәмелетке толмаған ұлының сабақтан кейін үйге оралмағандығын жеткізді.

Дереу оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілген. Басқарманың барлық қызметкерлері баланы іздеуге бағытталды.

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жеткіншектің қайда екені анықталған. Ол қаладағы сауда үйлерінің бірінен табылды. Белгілі болғандай, 12 жастағы бала дүкен аралап қыдырып жүріп, бұл жайлы әкесіне ескертуді ұмытып кеткен», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта бала ата-анасына аман-есен жеткізілді.