Өскемен іргесіне түлкі кіріп кетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласының тұрғындары түлкіні байқап, еріктілерге хабар берген.
Түз тағысы Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы Күленов кентінде көзге түскен. «Дворянин» жануарлар құқығын қорғау қоғамдық қорының еріктілері қызыл түлкінің қала аумағына кездейсоқ кіріп кеткен болуы мүмкін екенін мәлім етті.
– Кейінгі он күнде кент көшелерінде түлкі көзге түсіп жүр. Жергілікті тұрғындар бұл аңды аулауды сұрағанымен, біз тек ауру немесе жарақат алғандарын ғана ұстауымыз қажет. Ал бұл түлкінің сырт көзге дені сау екені байқалады, - делінген ақпаратта.
Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағының мәліметінше, тұрғындар тарапынан түлкіге қатысты ешқандай өтініш түспеген.
Еске салсақ, осыған дейін Ертіс орманында емін-еркін жайылып жүрген еліктер көзге түскені хабарланған.