Өскемен тұрғындары енді смартфоннан ауаның сапасын бақылай алады

АСТАНА. KAZINFORM — Өскемен тұрғындары өңірлік экологиялық мониторинг желісінің көрсеткіштерін тәулік бойы онлайн режимде көре алады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

ауа сапасы
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

«Қазгидромет» РМК-ның Airkz ресми мобильді қосымшасына 25 автоматты экологиялық бекеттің деректері енгізілді.

Құны шамамен 500 млн теңге болатын ауқымды өлшеу желісін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі 2025 жылы сатып алып, Цифрландыру және архивтер басқармасының балансына берген. Алайда осы уақытқа дейін датчиктердің көрсеткіштері тек мекемелердің ішкі ақпаратында ғана болған.

Деректерді көпшілікке онлайн қолжетімді ету үшін бірнеше ай бойы техникалық калибрлеу жұмыстары жүргізіліп, IT мамандары, синоптиктер, өнеркәсіп кәсіпорындарының экологтері және «Өскемен тынысы» қоғамдық бюросының өкілдері бірлесіп жұмыс істеді.

Ақпаратты ашық жариялаудағы басты кедергі өлшеу құралдарының метрологиялық тексеруден өтуі болды. Ұлттық гидрометеорологиялық оператордың ресми қосымшасы дұрыс реттелмеген немесе тексеруден өтпеген құрылғылардың деректерін қабылдамайды.

— Ресми қосымшаға деректерді енгізу үшін мемлекеттік үлгідегі өлшеу құралдарына қойылатын барлық талап қатаң сақталуы керек. 25 бекеттің барлығы міндетті тексеруден өтіп, өлшеу дәлдігін растады. Қазір алынған мәліметтерді есептеу әдістемелерінде толық пайдалану мәселесі пысықталып жатыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді филиалдың өзіне тиесілі тоғыз стационарлық бекеттің деректерімен қатар, ауа бассейнінің жай-күйін кешенді бағалау кезінде ескеруді жоспарлап отырмыз, — деді «Қазгидромет» РМК ШҚО филиалының басшысы Ләззат Болатхан.

Жаңа бекеттер облыс орталығының барлық дерлік ауданына орнатылған. Автоматты құрылғылар ауадағы шаң бөлшектерін үздіксіз талдап, өнеркәсіптік бес негізгі газдың концентрациясын өлшейді. Олар:

  • көміртек тотығы (CO);
  • азот диоксиді (NO₂);
  • озон (O₃);
  • күкіртсутек (H₂S);
  • күкірт диоксиді (SO₂).

Түтін мен қолайсыз метеорологиялық жағдай мәселесі жылдар бойы өзекті болып келе жатқан өнеркәсіптік Өскеменде бақылау бекеттерінің саны 9-дан 34-ке дейін артты.

Енді қала тұрғындары тәуліктік есепті күтпей-ақ, смартфон арқылы өз шағынауданындағы ауаның ластану деңгейін өздері бақылай алады.

Бұған дейін Астана мен Алматыда және еліміздің орталығындағы қалаларда ауа сапасы нашарлайтынын жазғанбыз.