Өскемен тұрғынын ұрып өлтіріп, мәйітін ауруханаға тастап кеткендер әлі толық ұсталмады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ер адамды ұрып өлтіріп, мәйітін ауруханаға тастап кеткен 3 күдікті іздестіріліп жатыр.

Жігіттер арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан. Сол кезде 6 адам бір жігітті ұрып өлтіріп, мәйітін Абай даңғылындағы аурухана маңына тастап кеткен. Полиция 3 күдіктінің ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
Алайда әлі үш адамның бостандықта жүргені белгілі болды.
- Күдіктілердің кім екені анықталды. Оларға қатысты іздеу жарияланды. Қазір қылмыстың барлық мән-жайы мен себептерін объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінен.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да аса қауіпті 3 қылмыскердің түрмеден қашып кеткені жайлы жалған ақпарат тарағаны хабарланған. Фейктің таралуына осы жағдай себеп болуы мүмкін.