Өскемен түрмесінде жазасын өтеуші жасырылған қару-жарақ туралы айтты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласындағы түрмеде отырған жазасын өтеуші құқық қорғау органы қызметкерлеріне қару-жарақ тығылған орын туралы ақпарат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі

ШҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі №17 түзету мекемесінде жазасын өтеуші түрме қызметкерлеріне басқа сотталған адамның заңсыз сақталған қару-жарақты қайда тығып қойғанын айтып берді.

Осыған орай, ҚАЖ және полиция департаменттері бірлесіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, қару-жарақ пен оқ-дәрілер сақталған жер табылды.

Күдікті қаруды былтыр жазда қала шетіндегі «Бабкина Мельница» шағын ауданында қараусыз қалған үйдің жертөлесіне тыққан. Тегіс ұңғымалы мылтық пен әртүрлі калибрлі 10-нан астам патрон тәркіленді.

«Қазіргі уақытта сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 287-бабы 3-бөлігімен (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген ақпаратта.


Соңғы жаңалықтар