Өскеменде 4 науқасқа «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы қойылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында дәрігерлер «тамақтың химиялық күйігі» диагнозын 4 науқасқа қойды. 

Өскеменде 4 науқасқа «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы қойылды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қараша айынан бері Өскеменде экологиялық жағдай ушығып кетті. Жел соқпай, қайта-қайта қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, қала ішін түтін басты. Сол уақыттан бері дәрігерлерге қаралған науқастар көбейген. Қараша айында емханаларға барған халық саны 11 пайызға артса, желтоқсан басталғалы бері де тамағы ауырғандар саны азаймай тұр. 

ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір 4 адамға «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы қойылған. Бұл диагноз былтыр көктемде енгізілгенімен сол уақыттан бері бірде-бір науқасқа қойылмаған еді. 

«Медицина қызметкерлері осы клиникалық хаттаманы қолдануды үйреніп жатыр. Бұл диагноз мұрынмен тыныс алу қиындаса, тамақ ауырып, күйіп, құрғақ жөтел болса қойылуы мүмкін. Сонымен қатар науқас химиялық заттардың әсері бар жерде жүрген болуы керек. Яғни, дәрігер одан қай жерде, қанша уақыт жүргенін сұрайды», - делінген ақпаратта. 

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде алғаш рет науқасқа «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы қойылғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар