Өскеменде алғаш рет науқасқа «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы қойылды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Соңғы күндері экологиялық жағдайы ушығып кеткен Өскемен қаласында алғаш рет науқасқа «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы қойылды.

20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, қала ішін түтін тұмшалап алған болатын. Халық тамағы күйіп, басы ауырып, жүрегі айнып, дем алу қиындап кеткеніне шағымданды. Сарапшылар бұған ауаның ластануы себеп болып отырғанын да айтқан.
Былтыр көктемде «тамақтың химиялық күйігі» диагнозы енгізілгенімен сол уақыттан бері бірде-бір науқасқа қойылған жоқ. Бірақ соңғы күндері экологиялық жағдай ушығып кеткенде 2 науқасқа осындай диагноз қойылып, сең қозғалды. Бұл қала тарихында бірінші рет болып отыр.
- Халықаралық аурулар классификациясы (ICD-10) бойынша J68 диагнозы қойылды. Яғни, «Химиялық әсерден тыныс алу жолдарының зақымдануы». Дәрігерлерге химиялық әсер мен әдеттегі инфекцияның аражігін ажырату оңай емес. Себебі симптомдары өте ұқсас. Сол үшін терапевттерді, ЛОР мамандарын, педиатрларды оқытып, біліктіліктерін арттырып жатырмыз, - дейді ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде халық тұншығып, ал сарапшылар ауа сапасының мониторингі сылбыр жүргізілетінін сынағаны хабарланған.
Сондай-ақ қалада экология жағдайын жақсарту үшін арнайы ұйым құрылмақ.