ШҚО-да «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы ашылады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында экология жағдайын жақсарту үшін арнайы ұйым құрылмақ.

воздух в Усть-Каменогорске
Фото: Нелли Нигматуллина

Облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында Қоғамдық кеңес жанынан тұрақты түрде жұмыс істейтін «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросын құру мәселесі талқыланды.

– Жаңа ұйымның мақсаты – ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін іздеп, өскемендіктердің өмір сүру сапасын жақсарту. Сондай-ақ, қаланың әр ауданында атмосфераға мониторинг жасайтын құрылғыларды орнату, оны калибрлеу, кәсіпорындардағы сүзгіні жақсарту, қолданыстағы шаралардың тиімділігін бағалау, жаңа ұсыныстар әзірлеу сынды жұмыстар атқарылады, – деп хабарлады ШҚО әкімдігінен.

Ұйым тұрғындарға ауа ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолдарын түсіндіру үшін білім беру бағдарламаларын ұйымдастырып, экологиялық стандарттардың орындалуын бақылаумен айналысады.

Аймақ басшысы Ермек Көшербаев «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының жол картасын жасаудан бастап, қаланың экологиялық жобаларын жүзеге асыру жұмыстарын жеделдететінін айтты.

– Қоғамның, жергілікті атқарушы органдардың және табиғатты пайдаланушылардың өзара қарым-қатынасының тиімді тетіктері қажет екенін бұдан бұрын да айтқан едім. Экобелсенділер мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен диалог орнату арқылы мәселені шешу жолдарын қарастыратын болады. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі. Қаланың әр тұрғыны осы ұйымның заңды өкілі деп айтуға негіз бар. Әрине, бәрі бірден өзгеріп кетпейтіні анық. Бірақ бірлесе отырып, кезең-кезеңімен қалаған нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Ермек Көшербаев.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде халық тұншығып, ал сарапшылар ауа сапасының мониторингі сылбыр жүргізілетінін сынағаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар