Өскеменде әбден тозған лифттер қашан жаңартылады
ӨСКЕМЕН. Өскемен қаласында 2026 жылы коммуналдық меншікте тұрған және техникалық тұрғыда тозығы жеткен 40-тан астам лифт ауыстырылмақ.
Әңгіме 2017 жылы қала балансына қабылданған, алайда құқықтық шектеулерге байланысты осы уақытқа дейін толық жөндеуден өтпеген лифттер туралы болып отыр.
Бүгінде Өскеменде шамамен 740 лифт бар, олардың жартысынан көбі апатты жағдайда немесе қауіпсіздік талаптары сақталмай жұмыс істейді.
Бұған қоса, мүлде лифті жоқ үйлер де бар. Кейбір көпқабатты тұрғын үйлерге 20 жылдан астам уақыт бойы лифт орнатылмаған.
Мұндай жағдай Чехов, Карбышев, Тихая, Калинин көшелеріндегі, Гагарин бульвары мен Сәтбаев даңғылындағы үйлерде тіркелген. Қағаз жүзінде лифтілер бар деп есептелгенімен, іс жүзінде тұрғындар осы жылдар бойы жаяу көтерілуге мәжбүр.
Қала әкімдігінің мәліметінше, лифттердің бір бөлігі 2017 жылы коммуналдық меншікке өткен. Сол кезде жүзден астамы жөнделді. Алайда тексеру комиссиясының қорытындысынан кейін заңнама талаптарының бұзылуы анықталып, бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру тоқтатылған. Соның салдарынан 95 лифт мемлекеттік баланста қалғанымен, жөндеу көрмеді.
— Бұл лифттер әлі де коммуналдық меншікте. Қазір оларды заңды түрде ауыстыру тетігін пысықтап жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2026 жылы Могилев қаласындағы лифт жабдықтарын шығаратын зауытпен бірлесіп, 40-тан астам көтергішті жаңартуды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, бюджеттен қаржы қарастырылса болғаны, — дейді Өскемен қаласы тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Назгүл Жақыпбекова.
Ал лифттерді тұрғындардың өз қаражаты есебінен ауыстыру нұсқасы көп үй үшін қолжетімсіз болып отыр. Бір көтергішті толық жабдығымен қоса күрделі жөндеуден өткізу құны 12-18 млн теңге аралығында. Мұндай шығын көптеген пәтер иелері үшін ауыр салмақ екені анық.
Еске салсақ, осыған дейін пайдаланылғанына 25 жылдан асқан лифтілерді ауыстыру және жөндеу жол картасы әзірленетіндігі хабарланған.