Өскеменде әлеуметтік желіні бұзу арқылы ақша сұраушылар пайда болды

Алғашқы шағым полиция бөліміне 27 мамыр күні сағат 16.00-де түскен. Студент қыздан оқытушысы әлеуметтік желі арқылы қарызға ақша беруін өтінген. Бойжеткен ол өтінішті ойланбастан орындап, «каспий-әмиян» арқылы сұраған соманы жібереді. Көп өтпей мұғалімі тағы ақша сұрайды. Қыздың көңіліне осы сәтте ғана күдік ұялап, оқытушыға қоңырау шалады. Ал мұғалім өзінің парақшасына біреулер бұзып кіргенін айтып, артынша полицияға шағымданған.
«Қазір осы оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Күн сайын «алаяқтық» әрекеттен зардап шеккен ондаған адам шағымданады. Сонда да біздің ескертулеріміз бен таратқан ақпараттарымызға құлақ асатындар аз», - дейді облыстық Ішкі істер департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгерім Нұрғазина.