Өскеменде алкоголь өнімдері заңсыз сақталған төрт жасырын қойма анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Өскемен қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз құйып, сақтаумен айналысқан төрт жасырын цех пен қойманың жұмысы тоқтатылды.
Тексеру нәтижелері туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Дулат Нұрлыбек мәлімдеді.
– Өскемен қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз өндіру және сақтау үшін пайдаланылған төрт қойма анықталды. Сот шешімімен ондағы мүлік тәркіленді, – деді ол.
Ведомство дерегінше, есепке алынбаған және қолдан жасалған алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы бюджетке акциз түсімдерінің түспеуіне ғана емес, өңір тұрғындарының өмірі мен денсаулығына да тікелей қауіп төндіреді.
Сатып алушылар алкоголь өнімінің заңдылығын e-Sapa мобильді қосымшасы арқылы есепке алу-бақылау маркасындағы кодты сканерлеп, өз бетінше тексере алады.
Еске салсақ, осыған дейін Ұлытауда алкоголь сату тәртібін бұзған 82 кәсіпкер жауапқа тартылғаны хабарланған.