Өскеменде ана мен бала өзенге ағып кете жаздады

АСТАНА. KAZINFORM – Өскеменде полиция қызметкерлері Үлбі өзенінде қатты ағысқа ілесіп кеткен ана мен баланы құтқарып қалды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

суға кетіп қала жаздады
Фото: Polisia.kz

17 шілде күні сағат 14:20 шамасында «102» арнасына қала тұрғыны танысының кішкентай қызымен бірге өзенге шомылып жатқанын және оларды ағыс алып кеткенін хабарлаған. Хабарға алғаш жедел әрекет еткен кезекші көмекшісі Олжас Оразов жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына нақты координаттар бойынша бағыт беріп отырған.

- Оқиға орнына патрульдік полиция батальоны ротасының командирі Мадияр Мұхамеджанов басқарған №9 экипаж шұғыл жеткен. Сол сәтте радиобайланыс арқылы хабар алған Үлбі полиция бөлімінің криминалдық полиция бастығының орынбасары Сұңғат Сейілжанов өз бетімен оқиға орнына жетіп, бірінші болып суға секірген. Ана мен баланы ағыс өзеннің ортасына қарай алып кеткен еді, алайда офицер оларды ұстап тұра алды, - деп жазылған ақпаратта.

Көп ұзамай қарама-қарсы жағадан жеткен Мұхамеджанов көмекке қосылды. Алайда ағыс қатты болғандықтан, олар өз беттерімен жағаға шыға алмады. Полицейлер құтқарушылардың қайығын күткен. Үйлесімді әрекеттің арқасында қайғылы жағдайдың алды алынды.

Қазіргі уақытта ана мен баланың өміріне қауіп жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, Өскеменде жоғалған зейнеткер дронның көмегімен табылды.

Соңғы жаңалықтар