Өскеменде ауадағы зиянды заттар шығарындысы рұқсат етілген шектен асып кеткен
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында ауа сапасына қатысты тексеру жүргізген экологтар зиянды заттар шығарындысы рұқсат етілген шектен асып кеткенін анықтады.
ШҚО экология департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 27 қарашада мамандар арнайы құрылғылармен ауа сапасын тексерді.
«Өлшеу жұмыстары қаланың әртүрлі аудандарында жүргізілді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес өлшенген заттар мен күйе шығарындысы бойынша рұқсат етілген шектен асып кету фактісі тіркелді. Бұл дерек «Қазгидромет» РМК жүргізген мониторинг нәтижелерімен де расталды», - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК мамандары ауадағы көміртегі оксиді, PM2.5 және күкірт диоксиді бойынша зиянды шығарындылардың орташа тәуліктік шектен асқанын анықтады.
Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданған.
Экологтар тексеру жүргізген соң хлорсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі тіркелген.
25 қарашада өскемендіктер тағы да ауа сапасының нашарлағанына шағымданды.
Алайда сол күні тексеру нәтижесінде зиянды заттар рұқсат етілген шектен аспағаны хабарланған.