16:18, 31 Қазан 2024 | GMT +5
Өскеменде әйелді пойыз қағып кетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында әйел адамды пойыз қағып кетті. Қазір оқыс оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, оқиға қала іргесінде орналасқан Защита ықшамауданындағы «Өскемен-1» станциясында болған.
«Жүк пойызы белгіленбеген жерден жолды кесіп өтіп бара жатқан 40 жастағы әйелді қағып кетті», - делінген ақпаратта.
Әйел адам түрлі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында биыл жол-көлік оқиғаларына түскендер саны екі есеге артып кеткені хабарланған болатын.