Өскеменде бірқатар мектепте оқушылар үшінші күн қатарынан сабақ оқи алмай отыр

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында соңғы 10 күнде мектептерге бомба қойылғаны туралы алтыншы хабар түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін түскі уақытта қаладағы бірнеше мектепке бомба қойылғаны туралы хабар түсті.

«Мамандандырылған қызметтер дереу мектептерге келіп жетті. Білім ордаларының қызметкерлері мен оқушылар қауіпсіз жерге көшірілді. Қазіргі уақытта ғимараттар іші тексерілуде. Халықтан сабырлық танытуды және енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, бұл соңғы 10 күнде мектептерге бомба қойылғаны туралы алтыншы хабар. Соның салдарынан апта басталғалы бері бірнеше мектеп оқушылары сабақ оқи алмай отыр.

Еске салсақ, ең бірінші 6 ақпанда Өскеменде сотқа және мектепке бомба қойылғаны хабарланған.

Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады.

Кеше бомба жайлы хабардан соң 23 мектепте оқушылар сабақ оқымаған болатын.


Соңғы жаңалықтар