Өскеменде бомба жайлы хабардан соң 23 мектепте оқушылар сабақ оқымады

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында соңғы 9 күнде мектепке бомба қойылғаны туралы бесінші хабар түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін түскі уақытта қаладағы 23 мектепке бомба қойылғаны туралы хабар түскен.

Бірден әр мектептегі еңбек ұжымы мен оқушылар эвакуацияланды.

Бомба жайлы хабарлар тым жиілеп кеткендіктен облыстық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Медет Бердімұратов журналистерге жедел сұхбат берді.

«Қазіргі уақытта 9 мектепті тексеріп шықтық. Ешқандай қауіпті зат табылған жоқ. Қалған білім ордаларында тексеру жұмыстары жалғасуда. Күдіктілерді жылдам анықтау қиын. Себебі олар интернеттің түрлі мүмкіндіктерін пайдаланатындықтан IP-адрестер анықталмай жатыр. Осы уақытқа дейінгі әрбір факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - дейді ол.

Еске салсақ, кеше Өскемен қаласында мектепке бомба қойылғаны туралы төртінші хабар түскені хабарланған.


Соңғы жаңалықтар