Өскеменде бомба жайлы хабардың тыйылмауынан оқушылар онлайнға көше ме
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚ білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева Өскеменде мектептерге бомба қойылғандығы жайлы хабардың тыйылмай тұрғандығынан балалардың онлайн форматқа ауысуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өскеменде мектептегі бомба жайлы алғашқы хабар 6 ақпанда түскен. Содан кейін 9, 10, 13, 14, 15 ақпан күндері осындай жалған хабар жасалып отырды.
Бұл күндердің әрқайсысында екінші ауысымдағы бірнеше мектептің оқушылары қауіпсіз жерге көшіріліп, мүлде сабақ оқыған жоқ.
Себебі белгісіз біреулер жарылғыш зат туралы хабарды түстен кейінгі уақытта беруде.
Соның салдарынан ата-аналар облыстық білім басқармасына шағымданып жатыр.
Олар балаларын мектепке жібергілері келмейтіндігін айтып, қаладағы барлық мектеп оқушыларын қашықтан оқыту форматына ауыстыру қажеттігін айтып отыр.
Осы мәселеге орай аталған басқарма басшысы Инесса Чернышева жауап берді.
«Ең әуелі үрейге берілмей, сабырлық сақтау маңызды. Әрбір ата-ана үшін баласының өмірі, қауіпсіздігі және денсаулығы бірінші орында екендігін түсінеміз. Бүгінде басқарманың оқушыларды қашықтан оқыту форматына көшіруі үшін заңдық негіздер жоқ. Бірақ сонда да әр мектептегі ата-аналар бұл мәселені жеке шеше алады. Яғни, олар баласының қауіпсіздігіне сенімсіз болса мектеп директорына қашықтан оқытуға көшу туралы өтініш жазуларына болады», - деп түсіндірді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде соңғы 10 күнде мектептерге бомба қойылғаны туралы алтыншы хабар түскенін хабарлаған едік.