Өскеменде емханадағы тегін дәрі алудағы ұзын-сонар кезекке байланысты түсінік берілді
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласындағы №2 емханада тегін дәрі алудағы ұзын-сонар кезекке байланысты ШҚО денсаулық сақтау басқармасынан түсінік берді.
Кеше Kazinform агенттігі «Тегін дәрілер тапшы ма: ШҚО тұрғындары дәрі-дәрмек кезегінде сағаттап тұруға мәжбүр» тақырыбында мақала жариялаған болатын. Онда Өскемендегі емханада таңғы сағат 4-тен бері кезек күткендер жайлы жазылды.
Осы мәселеге байланысты ШҚО денсаулық сақтау басқармасынан түсінік берді.
«№2 емханада жағдайды реттеу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. «Әлеуметтік әмиян» сияқты инновациялық әдістердің арқасында халыққа тегін дәрі-дәрмекті беру процесі жылдамдады. Бірақ қарт адамдар осы цифрлық мүмкіндікке енді ғана бейімделіп, пайдасын түсіне бастады. Емханадағы әлеуметтік қызметкерлер өз бетімен қозғала алмайтын науқастар мен 80 жастан асқан жалғызілікті жандардың үйлеріне қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізіп жатыр», - делінген ақпаратта.
Қазір №2 емхананың арнайы call-орталығы жұмыс істеп тұр. Дәрі-дәрмекке қатысты сауалдарды +7(7232) 48-91-55, +7(778) 003-70-49 телефон нөміріне хабарласып қоюға болады.
«Емхананың науқастарды қолдау қызметінің бүгінгі мониторингі тегін дәрі-дәрмек алатын жалпы халықтың 75 пайызын қарт адамдар құрайтынын көрсетті. Дәрі алуға кезектің қалыптасуына осы себеп болып отыр. «Әлеуметтік әмиянның» аясында бүгінде 80-нен астам адам қажетті дәрі-дәрмекті алды», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда биыл кене шаққандар көбейгені хабарланған.