Тегін дәрілер тапшы ма: ШҚО тұрғындары дәрі-дәрмек кезегінде сағаттап тұруға мәжбүр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда тегін дәрі алуға келгендер ұзын-сонар кезекте тұрады. Таяуда Өскеменнің кейбір емханаларында таңғы сағат 4-тен бері кезегін күткендер болды. Мәселенің мәнісіне Kazinform тілшісі үңіліп көрді.
Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек 130-ға жуық ауру түріне беріледі. Олардың арасында жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертензия, бронх демікпесі, қант диабеті, эпилепсия және басқа да ауру түрлері бар. Алайда диспансерлік тізімде тұрған науқастарға жеңілдікпен берілетін дәрілерді алу әрдайым мүмкін бола бермейді. Бұған Өскемен халқы куә. Өкінішке қарай, бұл тек бір қалада ғана емес, еліміздің барлық өңірінде кездесетін жағдай.
«Бүгінгі таңда мұқым Қазақстанды дәрімен қамтамасыз ететін ақпараттық жүйеден ақау жиі шығады. Бұл дәрілерді алудағы кезектің жиналып қалуының бірден бір себебі. Салидат Қайырбекова атындағы ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының ШҚО филиалы осы олқылықтың орнын толықтыру үшін тиісті жұмыстарды қолға алып келеді», - деп хабарлады ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан.
Кезек көптігінің бұдан өзге де себептері бар екен. Кезектегі шиеленіс әсіресе жыл соңында туындайды. Фармацевттердің емес, дәрі алушылар тарапынан болатын адами факторлар да рөл ойнайды. Түсінікті болу үшін барлығын рет-ретімен баяндайық.
Жыл сайын адам өміріне қауіп төндіретін түрлі дерттер елімізде аз анықталып жатқан жоқ. Тіпті саны артып та келеді. Шығыс Қазақстанда 2024 жылдың басында тегін дәріге мұқтаж жандар 118 485 адамды құраса, жарты жылдың ішінде 7 мыңға өскен, яғни 125 357 адам. Оларға да жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмек қажет.
«Жыл соңына қарай науқастар мен емдеу тактикасы түзетілген пациенттер саны артты. Алайда олардың дәрі алуға жазған өтініштері бірден қабылданбайды. Бұл сұрақ облыстағы емханалар арасындағы өзара есеп бойынша шешіледі», - деп түсіндірді басқармадан.
Демек, жаңадан тіркелген науқастар емханада резервте тұрған дәрілерді ғана ала алады. Ведомство басшылығы науқастардың саны жөнінде нақты болжам жасау мүмкін еместігін айтады. Міне, сондықтан да жыл соңында кезек қалыптасатыны анық.
Жоғарыда адами факторлар жайлы айттық. Енді соны тарқата кетейік. Қазақстанда кезекті жеделдету үшін тегін дәрілерді беру процесін жеңілдетуге тырысуда. Яғни, жолдама алу үшін қайта-қайта дәрігерлерге барудың қажеті жоқ. Қызмет «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне енгізілген. Бірақ жаңа технологияны егде жастағы науқастар қолдана алмайды. Бекітілген уақытта дәріні алып кетуге немесе әлеуметтік қызметкер арқылы жеткізіп беруге «тапсырыс» бергеннің орнына, науқастар кезекке тұрып, уақыт жоғалтады.
Өскемендегі №2 емханада таңғы сағат 4-тен кезекке тұрғандардың дені – егде жастағылар. Қызмет алушылардың 75 пайызы 60-тан асқан тұрғындар екенін арнайы жасалған талдау да көрсетті.
Тағы бір түйткілді мәселе – қажетті дәрілердің барлығы қолда бола бермейтіндігі. Кейбірі мүлде жоқ.
«Бұған «СК-Фармация» ЖШС-ның қант диабеті, эпилепсия, ағзаларды трансплантациялаудан кейінгі жағдай, онкологиялық аурулар, аритмия сияқты бірқатар нозология бойынша дәрілерді сатып алмауы себеп болып отыр» - деп мәлімдеді ШҚО Денсаулық сақтау басқармасынан.
Ал «СК-Фармация» – жалғыз дистрибьютор. Ауруханаларға осы компания арқылы дәрілер түсетіндіктен медициналық мекемелер өз беттерімен сатып ала алмайды. Тасымалдаушыларда дәрі болмаса, емханаларда да жоқ деген сөз. Дәрінің аналогтары болады, бірақ бәріне бірдей келе бермейді. Тапшы дәрі түскен жағдайда кезектің пайда болуы - заңдылық. Сондықтан жағдайды бақылауға алу қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады. Адамдарға дертіне дауа болар дәріні өз ақшасына сатып алуға тура келеді. Сондай-ақ дистрибьютор қажетті дәріні тауып, бағасын келісіп, тасымалын реттейді деп тілеуден басқа амал жоқ сыңайлы.