Өскеменде ертең қайтадан қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында жел тек 2 күн соқты. Ертең тағы да қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады.

Өскеменде 20 қарашада басталған қолайсыз метеорологиялық жағдай 2 желтоқсанға дейін созылды. Сол уақытта қала ішін түтін тұмшалап алды. Халық тамағы күйіп, басы ауырып, жүрегі айнып, дем алу қиындап кеткеніне шағымданды.
Әйтеуір жел соққанда шаһар көшелері ашылып қалды. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Себебі қайтадан қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасатыны хабарланды.
— Бүгін сағат 20.00-ден бастап 5 желтоқсан 20.00-ге дейін Өскеменде екінші дәреже туралы ескерту жарияланды, — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК-дан.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев экология мәселесінің себеп-салдары мен оны шешу үшін қандай шаралар атқарылатынын түсіндірген еді.