Өскеменде гигиеналық қағаздар шығару өндірісі іске қосылмақ

Ерлан Жармұхаметов бұл өндіріс көзін өзіне мемлекеттен қайтарымсыз берілген үш млн. теңге қаржының көмегімен жүзеге асырмақ. Іске қосылған кезде Ерланның кәсіпорыны 15 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін болады. «Кәсіпорындар мен кеңселерден, мектептерден, түрлі мекемелерден шығарылып жатқан есепсіз көп қағаздар далаға шашылып, текке қоқысқа кетуде. Біздің кәсіпорын осы макулатураны қайтадан өңдеп, кәдеге жарататын болады. Қағаздарды мекемелерден белгілі бір бағамен сатып аламыз. Бұл елдің бір кездердегідей қағаз өткізуге деген қызығушылығын арттырады. Өскемендегі базарлар мен ірі сауда орындарынан қағаз қабылдау пункттерін ашып, макулатураны сонда қабылдаймыз. Сәтін салса, жаңа кәсіпорынымызды сәуір айында іске қосамыз», - дейді Ерлан Жармұхаметов. Естеріңізге сала кетейік, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша биыл қазақстандық кәсіпкерлерге алғаш рет мемлекеттік гранттар берілді. Шығыс Қазақстанның тоғыз кәсіпкері қыркүйек айында үш млн. теңгеден осындай қайтарымсыз қаржы алды. Олардың бәрі - кәсібін енді бастап жатқан жастар. 2013 жылы ЩҚО-ға осы мақсатта республикалық бюджеттен 30 млн. теңге бөлінсе, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы келер жылға 90 млн. теңге мемлекеттік грант бөлуге өтінім беріп отыр, хабарлайды Аltaynews.kz.