Өскеменде қалың қар мен боран салдарынан жол апаты күрт артты
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында ауа райы қолайсыздығына байланысты жол апаттарының саны 2,5 есеге артып отыр.
Кеше өңір бойынша қалың қар түсіп, боран соқты. Соның салдарынан Өскеменде жол-көлік оқиғалары көбейіп, көліктердің жыраға құлап кету фактілері тіркелді.
Полицейлер көшелер мен жолдарда қарға батып қалған жүргізушілерге көмек көрсетті.
- Кеше қала бойынша 25 жол апаты болды. Осындай күндерде апат саны күрт өседі. Әдетте боран соқпағанда тәулігіне шамамен 10 шақты көлік соқтығысып жатады, - деп хабарлады Өскемен қалалық полиция басқармасынан.
Осы ретте, тәртіп сақшылары жүргізушілерге жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырмай, арақашықтықты сақтау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ 1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелекке ауыспаған автокөлік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан көшелері мен жолдары толассыз жауған қардан тазаланып жатқаны хабарланған.