Өскеменде қар тазалайтын мердігер ұйымдар тапшы
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында қар тазалау жұмыстарына тартылған мердігер ұйымдардың саны жеткіліксіз.
Қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) бөлімінің мәліметінше, биыл көшелерді тазалаумен «Таза Өскемен» кәсіпорнын қосқанда алты мердігер ұйым айналысып жатыр. Бір айдың ішінде олар шамамен 47,7 мың текше метр қар шығарған. Алайда тұрғындар тазаланбаған көшелердің көптігіне жиі шағымданады.
- Қалада техника жетіспейді. Биыл Антикор «Таза Өскемен» мекемесіне тексеру жүргізіп, тікелей келісімшарт жасамау, тек тендер арқылы жұмыс істеу жөнінде нұсқама берді. Алайда тендерге тек осы алты ұйым ғана қатыса алады. Ал жеке кәсіпкерлердің қолында бір-екі тиегіш техника ғана болғандықтан, олар талаптарға сай келмейді, - дейді бөлім басшысының орынбасары Марат Тұңғышбаев.
Қосалқы мердігер ретінде олармен келісімшарт жасалуы мүмкін, бірақ конкурсқа өтінім берген кезде негізгі мердігер өз техникасын көрсетеді.
- Барлық қосалқы мердігерлер «Таза Өскеменмен» шарт жасайды. Олар ТҮКШ бөліміне тікелей бағынбайды. Тиісінше, төлемді де «Таза Өскемен» жүргізеді және талап қою құқығы да сол мекемеде, - дейді М.Тұңғышбаев.
Бұрын қалада қар тазалаумен айналысатын 26 мердігер компания болған. Қазір Ахмер, Меновное кенттеріне және Шығыс ауылына қызмет көрсету бойынша конкурстар жарияланған. Дегенмен, ұсынылған тарифтер техника иелері үшін аса тартымды болмай отыр.
Еске салсақ, осыған дейін Астанада қар күреу жұмысына мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылғаны хабарланған.