Өскеменде қарияларға қайырымдылық жасау шарасы жалғасуда
Балалар өңірдегі ҰОС және тыл ардагерлерінің үйіне барып, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етуде. Нина Кириченко 1941-1945 жылдары кескілескен соғыста тылда еңбек етті. Өмірлік жары ҰОС-тың ардагері осыдан бір жыл бұрын дүниеден озған. Балалары жан-жақта. Сондықтан кейуана жастардың көмегіне зәру.
- Жалғыз өзім тұрғандықтан, қыруар шаруа жиналып қалады. Жастардың титтей де болсын сол жұмыстарды азайтуға септігін тигізіп жатқанына қуанамын. Баланың істегені білінбейді. Барлығына ризамын, деп ризашылығын білдірді тыл ардагері Нина Кириченко. Ардагердің үйіне келген оқушылар қол қусырып қарап отырмайды. Бірі есік алдындағы қарды тазаласа, енді бірі қарияның қысқы отынын әзірлейді. Бастысы, оқушылар тыл ардагеріне шын пейілмен көмектесіп, зыр жүгіріп жүр,
- Қарттарға көмектесу игі іс деп ойлаймын. Өйткені әсіресе жалғыз тұратын қарттар біздің көмекке мұқтаж және осындай игі істерді жасай береміз. Өскеменде 300-ге жуық ардагер бар. Жыл басынан бері қалалық жастар орталығы мен мектеп оқушылары қариялардың үйіне барып, сенбілік ұйымдастырып келеді. Осылайша өскелең ұрпақ ұлт тарихына өлшеусіз үлес қосқан қарттарға көмектесу арқылы өз бойларында мейірімділік пен ізеттілікті қалыптастырып келеді, деді шараға қатысушы Мереке Қыдырбеков.