Өскеменде қай жерлерде суға түсуге болады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында суға түсуге болатын 2 жер бар. Тағы бір жағалау абаттандырылып жатыр. Kazinform тілшісі сол жерлерге барып, бүгінгі ахуалды бақылап қайтты.

Жағажайға жұрт ағылып жатыр
Жайдары жаз шыға салысымен елдің көбі жағалауға асығады. Суға түсіп, күнге қыздырыну — жанға да, тәнге де пайдалы. Әсіресе шіліңгір шілдеде шомылғысы келетіндер қатары қалыңдайды.
Қала әкімдігінің қаулысымен Өскеменде суға түсуге болатын 2 учаске бекітілген. Соның бірі — «Самал» саябағында.
Бұл саябақ 2019 жылдың тамыз айында ашылған. Онда стрит-воркаут алаңы, скейт-парк, футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, ұзындығы шамамен 1,3 шақырымд веложол бар.

Құмды жағажай да менмұндалайды. Халық саябаққа жазда шомылу үшін атбасын бұрса, басқа мезгілде серуендеуге, спортпен шұғылдануға келеді.
— «Самал» саябағына жиі келеміз. Себебі үйіміз жақын орналасқан. Кешкі уақытта бала-шағаңмен серуендеп жүргенге таптырмас жер. Бірақ суға түспейміз. Себебі ағынды. «Сақтансаң сақтайды» дегендей, балалар үшін алаңдаймыз. Шомылғымыз келсе Өскеменнен шығып Ұлан ауданындағы Сібе көліне немесе Алтайдағы Бұқтырмаға барғанды жақсы көреміз, — дейді Тілек есімді тұрғын.

Суға түсетін екінші жер — Этносаябақтағы жағалау. Ол 2013 жылдың 15 шілдесінде ашылған. Жағажайдың жалпы ауданы шамамен 200 шаршы метрді құрайды.
— Мұнда барлығы 10 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 6 құтқарушы, 2 кассир және тазалыққа жауап беретін 2 адам бар. Жағажайға кіру бағасы — ересектерге 400 теңге, зейнеткерлер мен студенттерге 200 теңге. Балаларға тегін. Бұдан бөлек, демалушылар саябақ аумағындағы қайық станциясына бара алады. Онда серуендеуге арналған аллеялар да жасалған, — дейді Шығыс Қазақстан облыстық музей қорығы директорының орынбасары Гүлжан Кашакуқызы.
Жағалау дәл қазір жабық тұр. Себебі санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары су әлі тазалану керек деген ұйғарымға келген.

Тазалық жұмыстары аяқталған соң тағы да сынама алынады. Егер сол кезде бекітілген талапқа сай келсе онда жағажай демалушыларды қайта қабылдай бастайды.
Бұдан бөлек, Өскеменде тағы бір жағалау абаттандырылып жатыр. Ол Кенді емес материалдар комбинаты ауданында орын тепкен, халық арасында «Котлован» атауымен танымал жағажай.
Қазіргі уақытта онда автотұраққа асфальт төселіп, аумағы тормен қоршалған. Орындықтар, көлеңкелі шатырлар мен екі дәретхана орнатылып, құм төгіліпті.
— Су айдыны мен оның маңын толық бақылауға мүмкіндік беретін құтқару бекетінің мұнарасы тұрғызылып, қажетті құрал-жабдықпен жабдықталды. Қатты жабындысы бар жаяу жүргіншілер жолағы төселіп, бордюрлер қойылды. Енді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аталған жағалауға ресми түрде шомылуға рұқсат етілген жағажай мәртебесін алу үшін құжаттарды рәсімдеу үстінде, — деп жауап берді Өскемен қалалық ТҮКШ бөлімінен Kazinform тілшісінің сауалына.
Қауіпсіздікті қаперден шығармаңыз!
Алайда ел арасында бұл жағалаулардан басқа жерлерде шомылатындар қарасы аз емес. Олар арнайы абаттандырылмағандықтан қауіпті саналады. Сол учаскелерді атап өтсек:
— «Колос», «Орал» саяжай қоғамдастықтарының маңы;
— Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті жанында орналасқан аралдағы тоған;
— Сол жағалау шағын ауданындағы Ертіс өзенінің жағасы;
— Самар тасжолының бойындағы тоған;
— Лесхоз кентінің жанындағы тоған;
— Өскемен су электр стансасы ауданындағы Ертіс өзені;
— Бабкина Мельница кентіндегі тоған.

Осы ретте өңір құтқарушылары су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамыз ету үшін тұрақты түрде рейд жүргізіп жатыр.
Шаһар бойынша ресми түрде маусым айының 15-інде шомылу маусымы ашылады. Десе де жаздың алғашқы күндерінен-ақ жағалауға құстай ұшатындар жетерлік.
— Жаз айының басынан 480-ге жуық рет рейд жүрді. Соның аясында демалушыларға жағажайда демалудың негізгі ережелері түсіндіріледі. Біздің басты міндет — судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Патрульдеу барысында ТЖД қызметкерлері 9 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарып қалды, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Марина Лискова.
Бүгінгі таңда облыста ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша (су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын бұзу) 11 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Оларға 27 524 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
— Шомылу маусымы басталғалы бері 3 адам суға батып кетті. Оның екеуі — жасөспірім. Сондықтан демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеміз. Ең әуелі суға түсу үшін тек жабдықталған жағажайға барыңыз. Су айдындарында алкогольді ішімдік ішпеңіз. Сондай-ақ судағы қауіпсіздіктің маңызды шарты — қайықпен, катамаранмен, скутермен жүзу ережелерін қатаң сақтау. Оларға отырғанда міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіз. Қайықтан суға секіріп сүңгуге тыйым салынады. Қасында ересектер болмаса 16 жасқа дейінгі балаларға жүзу құралдарына отыруға болмайды, — деп ескертті құтқарушылар.

Жағалауда қандай да бір оқыс жағдайға тап болсаңыздар бірден «112» жедел арнасына хабарласу қажет. Су — қателікті кешірмейді. Сондықтан сауысқандай сақ болу керек!
Еске салсақ, осыған дейін Атырау облысында шомылу маусымы қашан ашылатыны белгісіз екенін жазғанбыз.
Ал Жетісуда шомылу маусымында қайғылы оқиғалар саны азайғаны хабарланған.