Өскеменде қайтадан электробустар қатынай бастайды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында алдағы апталарда электробустар сатып алу жоспарланған.
Жергілікті билік бұл қадамды қаланың экологиялық жағдайын жақсарту жолындағы маңызды бастамалардың бірі деп санайды. Алайда бұл жаңалық тұрғындар арасында бірнеше сұрақ туындатты. Себебі жеті жыл бұрын осындай тәжірибе қолға алынғанымен, ол күткен нәтижені бермеген еді.
Автопаркті жаңарту жоспары облыстық мәслихат сессиясында айтылды. Электробустар дизель отынымен жүретін дәстүрлі автобустарға балама көлік түрі ретінде қарастырылып отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, бұл жолғы сатып алу бірреттік шара емес, электробустардың Өскеменнің нақты жағдайларына, әсіресе қыстың қатал климатына қаншалықты бейімделгенін сынақтан өткізуге бағытталған.
- Біз үшін электробустардың аязды күндері және толық жүктемемен қалай жұмыс істейтінін көру өте маңызды. Олар соңғы аялдамаларда қуатталып, қозғалыс кестесін бұзбайтындай етіп, нақты жұмыс режимінде сынақтан өтеді, - деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов.
Облыс орталығының мұндай тәжірибеден өткенін жұрт жақсы біледі. 2018 жылы электробус сынақ ретінде № 44 маршрутқа шығарылған болатын. Алайда сол кезде оның қуаты маршрут бойынша барлық аялдамаларды еңсеруге жеткіліксіз екені анықталып, жоба тоқтатылған. Осылайша «жасыл» көлік тақырыбы біраз уақытқа күн тәртібінен түскен-ді.
Қазіргі таңда билік өкілдері соңғы жылдары технологиялардың айтарлықтай дамығанын, ал бұл жолғы енгізу тәсілінің мүлде өзгеше болатынын айтып отыр. Электробустарды қолданыстағы маршруттық желіге қуаттау инфрақұрылымын және климаттық ерекшеліктерді ескере отырып енгізу жоспарланған.
Жаңа бастаманың нәтижесі алдағы айларда-ақ белгілі болмақ.
Еске салсақ, осыған дейін Риддер автобустарында электронды билеттеу жүйесі енгізілетіндігі хабарланған.