Өскеменде қоқыс толған пәтер отқа оранды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында қоқыс толған үй өртенді.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Әуезов даңғылы бойындағы бесқабатты тұрғын үйдің 3-қабатындағы пәтерде өрт шыққан.

— Оқиға орнына шұғыл жеткен құтқарушылар саты орнатып, түтін тұмшалаған пәтер ішіне кірді. Сол кезде іште жиналып қалған қоқыс өртеніп жатты. ТЖД қызметкерлері бөлмелердің бірінен газ баллонын сыртқа алып шықты, — делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта өрт оқшауланды. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ.

Кадрлардан көрінгендей, пәтер иесі іште қоқыс жинай берген. Өрттің нақты неден шыққаны анықталып жатыр.
Сағат 15:20 шамасында құтқарушылардың күшімен 60 ш.м. алаңды шарпыған өрт сөндірілді.
Еске салсақ, осыған дейін Атырау қаласында ерлерге арналған түрме өртенгені хабарланған.