Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқанына 5 күн болады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында 17 ақпаннан бері жел соқпай, қаланы түтін басып тұр.

Өскеменде 17 ақпаннан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып келеді. «Қазгидромет» РМК мәліметіне сүйенсек, желсіз күн ертең де жалғасады.
— Өскемен мен Риддер қалаларында 20 ақпан сағат 20.00-ден бастап 21 ақпан сағат 20.00-ге дейін екінші дәрежелі қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады, — делінген ақпаратта.
Демек, қала аспанын түтін тұмшалап тұрғанына ертең бесінші күн болмақ.
Айта кетейік, мамандар осындай күндерде тұрғындарға келесі кеңестерді қаперде ұстау қажеттігін ескертеді:
— Далада ұзақ жүрмеу;
— Пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жабу;
— Қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шәй ішу;
— Ас содасының ерітіндісімен тамақты жиі шаю;
— Тамақтану рационына құрамында пектині бар азық-түліктерді, мысалы: пісірілген қызылша, қызылшаның шырыны, алма, жеміс киселі, итмұрыннан, рауағаштан жасалған дәруменді сусындарды, шөптердің қайнатпасын, табиғи шырындарды қосу;
— Балалардың тамақтану рационында сүт және сүт өнімдерін, ірімшік, ет тұтынуды көбейту;
— Уытты заттарды шығару және ағзаны тазарту үшін таган-сорбент, индигель, тагангель, белсендірілген көмірді қолдану;
— Балаларды балабақшаларда серуенге шығармауға, мектептерде далада дене шынықтыру сабақтарын өткізбеуге кеңес беріледі.
Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде ауа сапасының бұзылып тұрғанын жазған едік.