Өскеменде көлік жүргізушілері жолға төселген битумның дөңгелекті бүлдіргеніне шағымданды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында көлік жүргізушілері ауа райының қолайсыздығына қарамастан жолға битум төселгеніне наразылықтарын білдірді.
Қабанбай батыр көшесімен келе жатқан автокөлік жүргізушілері барар жеріне жетпей тоқтауға мәжбүр болды. Бұл кезде жолға жаңа асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатқан.
— Жауынның салдарынан жаңа төселген битум көзге байқалмай қалған. Соның салдарынан көлігімнің дөңгелегі битумға батып, бүлініп қалды. Ал бұл қалтама салмақ, — дейді көлік жүргізушілерінің бірі.
Осы мәселеге қатысты қала әкімдігінен жауап берді.
— Қабанбай батыр көшесінде орташа жөндеу жұмыстары аясында асфальтбетонның үстіңгі қабатын төсеудің алдында битум төгілген. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл технологиялық процесс уақытша тоқтатылды. Бірқатар жүргізушіден битумның шина мен көлік шанағына жабысып қалуына байланысты шағым түсті. Бұл мәселе мердігер ұйым мен жүргізушілер арасында шешілді, — деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Ведомство дерегінше, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта тиісті белгілер орнатылған.
— Жүргізушілерге бұл жермен жүргенде жол белгілеріне назар аудару қажет. Жұмыстар ауа райы қолайлы болған кезде жалғасады. Битум төгілген жолда қозғалысқа уақытша тыйым салынған, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Батыс Қазақстанда 3 автокөлік соқтығысып, жүргізуші көз жұмғаны хабарланған.