Өскеменде коммуналдық төлемді кешіктіргендерге несие берілмейді

Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Фархат Жілібаевтың айтуынша, пәтер иелері кооперативі тұрғындардан 252 397 163 теңге көлеміндегі қызмет ақысын қайтара алмай отыр. Бұл мәселеге әкімдік араласып, қарызды қайтарту үшін әкімшілік тетіктерді қоспақшы.
«Елден жиналған ақша үйлерді күтіп ұстауға жұмсалады. Төлем толық түспеген соң ол жұмыстар толық атқарылмай отыр. Пәтер иелері кооперативтерінің қауымдастығы мен «Бастапқы несие бюросы» ЖШС арасында меморандум қабылданды. Сол меморандум бойынша қарызы бар тұрғындар оны толық өтегенше ешқандай несие рәсімдей алмайтын болады. Әйтпесе, борышкерлер заңға бағынатын көршілерінің есебінен үйге көрсетілетін қызметті ақысыз пайдалануын тоқтатар емес» - дейді Фархат Жілібаев.
Коммуналдық қызмет үшін қарызы бар тұрғындар мойнындағы берешектің нақты мөлшерін білу үшін kdmyk.kz сайтына кіруі қажет. Борышкерлер туралы толық ақпарат аталмыш порталда 5 маусымнан кейін шығады.