Өскеменде көше атаулары өзгертілсе де ескі тақтайшалар әлі ауыспаған

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында көшелердің атауы өзгертілгеннен кейін Өскемен тұрғындары мекенжайға қатысты түсінбеушіліктердің көбейгенін айтып жүр. Навигаторларда жаңа атаулар көрсетілгенімен, үйлердің қабырғаларында әлі күнге дейін ескі тақтайшалар ілулі тұр.

көше
Фото: Мұхтар Холдорбеков/Кazinform

Қала тұрғындарының айтуынша, бұл жағдай күнделікті тұрмыста да, құжат рәсімдеу барысында да қиындық туғызған.

— Курьерлер, такси жүргізушілері, қала қонақтары жиі шатасады. Оларға қайта-қайта түсіндіруге тура келеді, — дейді олар.

Өскемен қаласы әкімдігінен бұл мәселе назарда екенін, алайда тақтайшаларды жаңарту жұмысы құқықтық рәсімдерден кейін жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Қайта аталған көшелерге жаңа тақтайшалар 2026 жылдың мамыр-маусым айларында, мемлекеттік сатып алу процедуралары аяқталған соң орнатылады.

Сонымен қатар жаңа тақтайшалар заманауи форматта болмақ.

— Әзірге тұрғындарда көптеген сұрақ туындап жатқанын түсінеміз. Сондықтан жаңа тақтайшаларға QR-кодтар орнатылады. Оларды сканерлеу арқылы көшенің қазіргі және бұрынғы атауын көруге, өзге де өзекті ақпаратты алуға болады, — деп хабарлады Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде 13 көшенің атауы өзгеретіндігі хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар