Өскеменде құрылыс компаниялары үлескерлерден заңсыз ақша жинауын тоқтатпауда
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Өскемен қаласында үлескерлерден заңсыз ақша тартудың жаңа фактілері анықталды.

Тиісті рұқсат құжаттары болмаса да үлескерлерден ақша жинаған екі құрылыс компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, бұл жеті тұрғын үй кешеніне қатысты.
— «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес, құрылыс салушылар азаматтардан алдын ала қаражат жинау үшін арнайы рұқсат алуға міндетті. Алайда кейбір компания бұл талаптарды орындамайды. Қазіргі уақытта өңірде 73 тұрғын үй кешені салынып жатыр, оның 53-і жеке инвесторлардың қаражатына, ал 20-сы мемлекеттік бағдарламалар аясында, — делінген ақпаратта.
Тұрғындарға берілетін «Брондау шарты» заңды құжат болып саналмайды және пәтерді белгіленген мерзімде алуға кепілдік бермейді.
Айта кетейік, бұған дейін Astoria, Emeralds және Delux Town тұрғын үй кешендері салып жатқан құрылыс компанияларына қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Бұл компаниялар 200-ден астам адамды үлескерлікке тартты. Осылайша, бұл компаниялар тұрғындардан 3 млрд теңгеге жуық қаржы жинаған.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыды екі жылда 65 нысан сүрілгені хабарланған.