Өскеменде мектептен ешқандай бомба табылмады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында мектептен жарылғыш зат табылмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өскеменде мектептен ешқандай бомба табылмады

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 13 ақпанда сағат 14.30-да Өскемендегі мектептердің бірінде жарылғыш зат қойылғандығы туралы хабар түскен.

Мамандандырылған қызметтер дереу оқиға орнына келді.

«Сол жерден қызметкерлер мен оқушыларды эвакуациялау жүргізілді. Мектепті тексеру нәтижелері бойынша қандай да бір қауіпті заттар табылған жоқ. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта жарылғыш зат туралы жалған хабарлаған адамдарды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр», - делінген ақпаратта.

Осы ретте, полиция департаменті мұндай қылмыс жасағаны үшін 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді.

Еске салсақ, бұған дейін Өскемен қаласында соңғы 8 күнде мектепке бомба қойылғаны туралы төртінші хабар түскені хабарланған.