Өскеменде мобильді байланыс пен интернет дұрыс ұстамайтын сегіз аумақ бар
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында әлі күнге дейін мобильді байланыс пен интернет сапасы төмен аудандар бар.
Қаланың негізгі бөлігі ұялы байланыспен қамтылғанымен, кейбір аумақтарда әлі де байланыс дұрыс ұстамайды. Мәселен, 25-ші шағын аудан, Шешек аумағы, Самсоновка және Новотроицк елді мекендерінде интернет жиі үзіліп, байланыс нашар ұстайды.
- Интернет бірде ұстап, бірде ұстамайды. Кейде тіпті қоңырау шалудың өзі қиын. Сондайда байланыс ұстайтын жер іздеп, сыртқа шығуға тура келеді, - дейді Новотроицк тұрғыны.
ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының мәліметінше, Өскеменде байланыс сапасы төмен сегіз аумақ бар.
- Қалада 5G мобильді байланысы үшін «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС-нің 32 базалық станциясы орнатылған. Байланыс сапасын арттыру мақсатында олардың санын 2025 жылдың соңына дейін 62-ге дейін арттыру жоспарланып отыр, - деді басқарма басшысының орынбасары Арнұр Сапарғалиев.
Байланыс сапасын жақсарту жұмыстары тек Өскеменде емес, бүкіл өңір бойынша жүргізіліп жатыр.
Қазір Шығыс Қазақстандағы 357 елді мекеннің 235-і интернетпен қамтамасыз етілген, бұл 706 мың адам немесе облыс халқының 97 пайызы. Жыл соңына дейін тағы 56 ауылға интернет қосу жоспарланған.
Ал қалған 66 елді мекен 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен интернетпен қамтылады.
Еске салсақ, осыған дейін елімізде жыл басынан бері 23 мыңға жуық интернет алаяқтығы тіркелгені хабарланған.