Өскеменде оқушы қыздың асылып қалғаны жайлы ақпарат – жалған

Осы айдың басында Өскеменде әжетханада оқушы қыздың соққыға жығылғаны жайлы видео тарады. Полиция бұл оқиғаның наурыз айында болғанын, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған баланың бет-бейнесі көрініп тұрған видеоны таратқандарға да жаза қолданылатыны хабарланды.
Ал кешелі бері әлеуметтік желіде зардап шеккен оқушының өз өзіне қол жұмсағаны туралы хабар желдей есіп кетті. ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл шындыққа жанаспайды.
«Бұл - жалған ақпарат. Әлеуметтік желілерді пайдаланушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат таратқандар 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылатындығын ескертеміз», - делінген ақпаратта.