Өскеменде өрт сөндірушілер мас тұрғындарды ажалдан аман алып қалды
Бұл туралы ШҚО ТЖД хабарлады.
Сағат 14:57-де кезекші пультіне пәтерде орын алған өрт туралы хабарлама түскен. Өрт салдарынан пәтердің ішіндегі адамдар одан шыға алмай тұрды. Құтқарушылар үйдің иесі- әйел мен бір жігіттің сыртқа шығуларына көмектесті. Кейін екеуінің де мас болғаны анықталған. Дәрігерлер оларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетті, жігіт ауруханаға жатқызылды.
Сол уақытта қызметкерлер өртенген пәтердің көршілеріне көмекке асықты. Түтінге оранған пәтерде болған кейуана мен оның немересі үйден шыға алмаған, тек құтқарушылардың көмегімен ғана қауіпсіз жерге көшірілді.
ТЖД оқиға орнында газ-түтіннен қорғау қызметінің үш көлік цистернасы мен машинасы жұмыс істегенін хабарлайды. Тілсіз жау оқиға орнына келіп жеткен уақыттан бері 11 минуттан кейін ауыздықталды. Оның шығу себептері анықталу үстінде.