Өскеменде өтетін ЭКСПО-2014-ке Нобель сыйлығының лауреаттары шақырылды
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаевтың айтуынша, «Бәйтерек» ҰБХ-мен қол қойылған меморандумдар аясында Ұлан ауданында тұрғын үй салу, Өскеменде 3 үй салу, Семейде екі үй құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Облыс әкімінің ақпараттық орталығынан хабарлағандай, осы жылдың ауқымды жобаларының бірі Шығыс Қазақстанда шағын ЭКСПО-2014 өткізілуі болмақ. Шара 19-24 мамыр аралығында өтеді. Оған Нобель сыйлығының лауреаттары, «жасыл экономика» саласында жұмыс істейтін ғалымдар шақырылған. Қазір 87 жоба қабылданды, оның 53-і Шығыс Қазақстаннан, біреуі - Санкт-Петербордан. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жобаларды іріктеуді жылдамдатып, тек ЭКСПО-2017 қатыса алатындарын таңдауды тапсырды. Сонымен бірге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелері сөз болды. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен шағын және орта бизнестің 10 кәсіпорны қызметкерлерінің еңбекақыларын 10 пайызға көтереді. Б.Сапарбаев еңбекақыны көтеруден бас тартқан кәсіпорындардың есебін жүргізіп, сондай-ақ, олардың қаржылық-экономикалық жағдайы мен мемлекеттік қолдауының көлемі жайлы сараптама жүргізуге тапсырма берді.