Өскеменде подъезде мылтықпен оқ атып көршілерін шошытқан ер адам 3 жылға сотталды

Өскемен қаласында ер адам көпқабатты үйдегі пәтерінде және подъезде мылтықпен оқ атып жұрттың үрейін қашырғаны үшін түрмеге қамалды, деп хабарлайды Kazinform.

қылмыс
Фото: uralskweek.kz

Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы көшелердің бірінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде полицияға хабарласқан азаматтардың бірі подъезде мылтық ұстаған адам жүргенін және оқ атылған дыбыстарды естігенін жеткізген.

Бірден оқиға орнына тәртіп сақшылары келіп жетті. Белгілі болғандай, ер адам алкогольді ішімдікке масайып, қолына мылтық алған.

«Сотталушы өз пәтерінде және подъезде бірнеше рет оқ атты. Оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалған. Айыпталушының кінәсін көршілері, куәгерлер және баллистикалық сараптама растады. Ер адам да өз кінәсін мойындаған. Сот оның қоғамға қауіптілігін ескеріп, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деген қорытындыға келді», - деп хабарлады Өскемен қалалық сотының баспасөз қызметі.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар