Өскеменде полицейлер балаларымен бірге далада қалған әйелге көмектесті
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында полиция қызметкерлері балаларымен бірге далада қалған әйелге көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қиын жағдайда қалған әйел кімнен көмек сұрарын білмей Instagram желісіндегі оқырманы көп пабликтердің біріне жазған. Белгілі болғандай, оның күйеуімен шаңырақ көтергеніне 8 жылдан асыпты.
«Осы уақыт бойы жұбайым маған қысым көрсетіп келді. Үнемі кемсітіп, өзі ауырып қалса да, жұмысында қандай да бір келеңсіздіктер болса да мені кінәлайтын. Уақыт өте келе барлық қиындық менің кесірімнен деп ойладым», - дейді азаматша.
Бастапқыда ұл босануы, соңынан қыз баласын дүниеге әкелуі күйеуімен және оның туыстарымен қарым қатынасын өзгертеді деп сенген. Алайда ер адамның атұстары туғанына деген қуанышы ұзаққа созылмады.
«Жұмыстан жай келетінді шығарған ол кейіннен мүлде үйге қонбай кетті. Ал қызым туғаннан кейін үнемі ұрыс-керіс шығарып, мені ұрып-соғып, үйден қуатын. Ол ішімдік іше бастаған соң жағдай мүлде ушығып кетті. Осы жолы тағы да мас болып келіп, заттарымызды сыртқа лақтырып, суық түскенде балаларыммен бірге үйден қуып шықты. Сол түні құрбымның үйінде қондым. Басқа шарам қалмағандықтан әлеуметтік желі арқылы халықтан көмек сұрадым», - деп жылады әйел.
Полицейлер паблик әкімшілігімен хабарласып, сол арқылы әйел адаммен байланысқа шыққан. Полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің инспекторы Алина Мокина аталған факті бойынша іс қозғады.
«Өмірде қиын жағдайға тап болған әйелге көмектескіміз келді. Онымен бірге балалары да сергелдеңге түскен. Қазіргі уақытта олардың жағдайлары жақсы. Инспекторлар әйел адам мен 2 бүлдіршінді қабылдау орталығына орналастырып, жан-жақты көмек көрсетуде», - деді басқарма бастығының баспасөз хатшысы Алтынай Комчубаева.