Өскеменде полицейді боқтаған әйел жазаланды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында полиция қызметкерін мас күйде боқтап тасаған әйел 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды.

Қалалық № 2 соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құқық қорғау органы қызметкерін балағаттаған әйелге қатысты қылмыстық іс қаралды.
— Осы жылдың қыркүйек айында полиция капитаны ер адамға ұрлық фактісінің мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне баруды ұсынған кезде оның әйелі шу шығарған. Мас күйдегі әйел тәртіп сақшысын балағаттай жөнелді. Оның кінәсі бейнежазбамен, жәбірленушінің айғақтарымен және тергеу хаттамаларымен расталды, — делінген ақпаратта.
Сот барысында әйел адам өз кінәсін мойындап, бұл ісіне өкінетіндігін жеткізді. Алайда айыпталушының мас күйде болуы жазаны ауырлататын мән-жай деп танылды.
Сот шешімімен әйел 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, ШҚО-да алимент төлемеген адам алғаш рет түрмеге қамалды.